22 маусымда Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен "Кешкі шай" жастар кеші өтті. Амфитеатр алаңына жиналғандарға кітап жәрмеңкесі, bookcrossing, түрлі сала мамандарының қатысуымен кеңес алаңы, караоке party ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызының айтуынша, биылғы шараға жастар саясаты бағытында жұмыс істейтін ҮЕҰ да қатысып, нәтижесімен бөлісті. Нақтыласақ, «Түпқараған жастары» қоғамдық қоры атынан «Zhas Project» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы жеңімпаздарының жәрмеңкесі өтті. Осылайша, облыс тұрғындары жастарға берілетін мүмкіндіктердің нақты жемісін көріп, басқа да қолдау шараларымен танысты. Бұл - биылғы шараның бір ерекшелігі.
- Біздің мақсат - көңіл көтеру ғана емес, көпке пайдалы ақпараттармен бөлісетін алаң ұйымдастыру. Сондықтан шараға идеясы қолдау тапқан көшбасшыларды, өзекті мәселелердің алдын алу бағытында наркология, ТЖД, медицина саласының мамандарын шақырдық. Бұдан бөлек жастар арасында кітапқа қызығушылықты қайта қалыптастыру үшін кітап жәрмеңкесін, bookcrossing ұйымдастырдық. Бұл жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, білім мен ғылымға бет бұруына септігін тигізеді. Сонымен қатар "Кешкі шай" жобасы арқылы өңірдегі жаңа есімдер мен көшбасшыларды танытуға тырыстық, - деді жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Баянқызы.
"Кешкі шай" шарасы аясында Маңғыстау облыстық білім, денсаулық сақтау басқармалары, өңірлік мансап орталығы, облыстық кәсіпкерлер палатасы, аграрлық несие корпорациясы, отбасы банкі, Yessenov University ұжымдарының мамандары сұрақтарға жауап беріп, тұрғындар үшін аса пайдалы кеңес берді. Жалпы кеңес алуға 500-ден аса тұрғын келді.
Соның бірі - биыл баласы мектеп бітірген Сәуле есімді қала тұрғыны.
- Баламыз мектеп бітіргенімен әзірге жоғары оқу орнына құжатты тапсырған жоқ. Өзі гуманитарлық бағытта оқығысы келеді. Yessenov University мамандарынан елдегі басқа да оқу орындарына құжат тапсыру, грант мүмкіндіктері туралы сұрадық. Алда құжаттарын реттеген соң аталған білім ошағына баратын боламыз. Мамандар бізге не істеу қажеттігін айтты, - деді қала тұрғыны Сәуле.
Ал кештің ең басты қонағы ретінде әртүрлі салада облыстың абыройын көтеріп жүрген, әлеуметтік желі арқылы танымал болған, үздік, жалынды жастар келді. Атап айтқанда мобилограф, контейтмейкер, New York Film академиясында білім алған Карина Түгелбайқызы, ҰБТ-дан 137 балл алған, республикалық, облыстық олимпиада жеңімпазы Жүсіп Нұрсауле, ҚР дзюдадан Ұлттық құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Нарбаев, домбырашы, дирижер Дана Дидар маңғыстаулық жастармен бірге болды. Жұлдызды қонақтар сахна төрінде жүргізушілермен сұхбаттасып, көрермендердің қызықты сұрақтарына жауап береді.
Шара соңында жастар караокемен ән айтып, кешті көңілді етті. Содан соң шарамыздың хейтлайнері Есбол Таспай лирикаға толы, танымал әсем әндерімен Маңғыстау жастарын қуантты. Жалпы "Кешкі шайға" 2000-ға жуық тұрғын келіп, Маңғыстау жастарымен бір толқында болды.
Айта кетейік, шараға «Kitapal», «Жаным гүлдер орталығы», «Uide» антикафе, «MangystauPrint», «Sneakerhub», «Кеттік Маңғыстау», «Муслим Дзюдо клубы» және де «Aqtau Wood типографиясы» қолдау көрсетті. Белсенді болған, арнайы ұйымдастырылған ойындарға қатысқан көрермендерге сыйлықтар берілді.
Еске салайық, кештің мақсаты - жалынды жастардың басын біріктіру, таланты мен білімі арқылы жетістікке жетіп жүрген жерлестерді таныту. Жазғы мезгілде облыс жастарының бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастырып, шығармашылығын арттыру.